Хабарландыру
Қарағандыда жылыту маусымы басталады. Қарағанды облыстық мәслихатының XII сессиясының 2013 жылғы 14 наурыздағы №129 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 18 сәуірде №2311 болып тіркелген. Сыртқы ауаның орташа температурасы +8°С және одан төмен болған жағдайда бес тәулік қатарынан немесе сыртқы ауаның күрт төмендеуі жөніндегі болжам болған кезде қалалардың және аудандардың жергілікті атқарушы органдары жылыту маусымын бастайды. Комиссия шешіміне сәйкес Қарағанды қаласында жылыту маусымын 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастау туралы шешім қабылданды. Ең алдымен жылу әлеуметтік нысандарға беріледі. Тұрғын үйлерді және басқа да тұтынушыларды орталық жылумен жабдықтау жүйесіне қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі: бірінші кезеңде – Майқұдық, Сортировка және Пришахтинск аудандары, одан кейін – Оңтүстік-Шығыс, Федоровка, Жаңа қала және Михайловка. Тұрғын үйлер мен нысандардың жылу шаруашылығына жауапты тұлғалар жылу берілгенге дейін дренаждық және ауа шығару құрылғыларының жабық болуына, жылыту радиаторларының бар екендігі мен жарамдылығына, фланецтік қосылыстардың беріктігіне көз жеткізуі тиіс. Жылу энергиясын қабылдауға 100% дайындықты қамтамасыз етпеген тұтынушылар ең соңынан қосылады. Заңды тұлғаларға жылу тек жылу энергиясын қабылдауға дайын екендігін растайтын жазбаша өтінім болған жағдайда ғана беріледі. Еске саламыз, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС тұрғын үйдің сыртқы қабырғасына дейінгі жылумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Үйішілік жылумен жабдықтау жүйелері үйді басқару органдарының және тұрғындардың жауапкершілігінде. Жылумен жабдықтау болмаған жағдайда тұрғындар алдымен себептерін анықтау үшін КСК-ға жүгінуі тиіс. Үйішілік жүйелерге қатысы жоқ ақаулар анықталған жағдайда КСК төрағалары «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-нің диспетчерлік қызметімен хабарласуы қажет.